Петропавлдағы аттракциондар саябағы автоматтандырылған жүйені іске қосты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы аттракциондар саябағы заманауи жүйені енгізіп, сервистік қызметті жақсартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүйені автоматтандыруға арналған «R-Keeper» атты бағдарламаны орнату нәтижесінде аттракциондар саябағын бір орталықтан басқару мүмкін болды. Түрлі функционалдық міндеті бар учаскелер өзара байланысты. Бұл тұрғындар үшін де ыңғайлы болмақ. Демалушылар аттракциондарға міну үшін енді кассаға қайта-қайта жүгірмейді.

«Жүйені автоматтандыру нәтижесінде бірыңғай төлем картасын енгіздік. Карточканың тағы бір артықшылығы салынған ақшаға бонустар береміз. Мәселен, карточкаға 3000 теңге салсаңыз, 10 пайыз мөлшерінде бонус аласыз. Қаражат неғұрлым көбірек болса, соғұрлым жеңілдіктер де арта береді. Қазір көңіл-көтеру кешенінде әр жерде касса жоқ, бұл біздің де шығынымызды азайтты», - дейді «Мир аттракционов» ЖШС директоры Александр Козлов.

Биыл сатып алынған жүйеге 10 млн теңге қаржы жұмсалған. Бұдан басқа орталық саябақ пен Жеңіс саябағын көгалданыруға 12 млн теңге кеткен.

Петропавлдағы орталық саябақ еліміздегі үздіктердің қатарында. Мамандардың айтуынша, олар 2006 және 2013 жылдары Сочи қаласында өткен халықаралық «Хрустальное колесо» байқауында 250 мың тұрғыны бар қалалар ішінде және «Золотой Пони Москва – 2015» халықаралық байқауында үздік атанды.

Қазір бұл саябақта 32 аттракцион бар. Оның көпшілігі бұрыннан келе жатыр.

«Жаңасын сатып алуға қаржы болғанымен, мүмкіндік жоқ. Өйткені, 2018 жылы аттракциондық қондырғыларды міндетті сертификаттау енгізілді. Елімізде аттракциондық техника шығаратын мамандандырылған зауыт жоқ. Ал шетелдің стандарттары бізге жарамсыз», - дейді Александр Козлов.

Айта кетерлігі, орталық аттракциондар саябағына бір маусымда 75 мыңға жуық адам демалуға келеді екен.


Соңғы жаңалықтар