Петропавлдағы апатта жоғалған әйелді іздеуге астаналық құтқарушылар көмектесіп жатыр

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл жылу-электр орталығындағы опырылып түскен мұржа үйіндісі тазартылып жатыр, жұмысшы әйел әлі табылған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, төтенше жағдайлар министрлігінің нұсқауымен Петропавлға қосымша Нұр-Сұлтан қаласынан құтқарушылар келеді.

Әзірге өз күшімен үйінді орнында іздестіру жұмыстарын атқарып жатыр.

Жоғалған жұмысшы - 1984 жылы туған әйел. Жылу орталығында машинист-қараушы болып жұмыс істеген. Күйеуі де сонда еңбек етеді. 15 жасар баласы бар.

«Қазір апат орнында 15-20 адамнан құралған топтар жұмыс істеп жатыр. Олар сағат сайын ауысып отырады. Қазір іздестіру жұмыстарына 60 шақты адам тартылған. Эпицентр 1300 шаршы метрді алып жатыр. Ал машинист отырған бөлме 50 шаршы метрді алған. Жұмысшыға қатысты үмітімізді үзбейміз, аман табылуы мүмкін», - дейді Рамиль Камалов.


Соңғы жаңалықтар