Петропавлдағы ақындар мектебі бір жылда 40 шақты жүлде алған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Елімізде соңғылардың бірі болып ашылған Петропавлдағы ақындар мектебі жылды жақсы жетістіктермен аяқтағалы отыр. Ашылғанына бір жыл болған орталық тәрбиеленушілері осы аралықта түрлі деңгейдегі байқаулардан 40 шақты жүлде алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақындар мектебі - бойында ақындық қабілеті бар, өлең-жырға құмар оқушыларға 2017 жылдың қыркүйек айында өз есігін айқара ашқан болатын. Содан бері орталық өлең әлеміне қанат қағып, қалам тербеген 40 жас ақынды бір арнаға біріктірді. Айтыскер ақынның тіл тазалығын сақтап, жан-жақты білімді болуы маңызды. Тәлім алушылар Жарқын Жұпархан, Аманжол Зағыпар, Фархат Тастамбек, Амангелді Рамазанов, Батырбек Шамбетовтен бес бағыт бойынша дәріс алып келеді. Ұстаздары оларды айтыскерлікке, ақындыққа, шешендік өнерге баулиды, мақамға үйретіп, мәнерлеп оқу, сахна мәдениетінен дәріс беруде.

«Балаларды аудандарды аралап жүріп, байқау өткізіп іріктеп алдық. Кейін Петропавлдағы Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатына жолдама бердік. Олар еш емтихансыз қабылданды. 6 баламыз жергілікті университетте оқиды. Оның біреуі ректордың грантын жеңіп алып, қазақ тілі және әдебиеті факультетінде тегін білім алып жатыр. 9 бала М.Жұмабаев атындағы колледжде оқиды»,- дейді орталық жетекшісі, айтыскер ақын Жарқын Жұпархан.

Араларында топ жарған балалар да жетерлік. Солардың бірі - Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаттың 10-сынып оқушысы Аяған Диас. 15 жастағы бозбала Есіл ауданы Ақтас ауылының тумасы. Облыстық, республикалық ақындар айтысында 10-нан астам жүлдеге ие болды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, бұл мектептің ашылу мақсаты - жастарды айтыс өнеріне тарту, тәрбиелеу, дұрыс бағыт-бағдар беру, қазақтың төл өнерін дәріптеу.

Жарқын Жұпарханның айтуынша, Петропавл қаласында бұрын ақындар мектебі болмаған. Республикада соңғылардың бірі болып ашылып отыр. Мысалы, Қарағанды облысында мұндай орталықтың жұмыс істеп жатқанына 20 жылдан асса, бір Павлодардың өзінде 3 ақындар мектебі бар екен.

Соңғы жаңалықтар