Петропавлда жылыту маусымы мерзімге сай басталады
2022 жылғы 10 тамыз 17:51

Петропавлда жылыту маусымы мерзімге сай басталады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – «Севказэнерго» АҚ бас директоры Олег Перфилов алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының қалай өтіп жатқандығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Севказэнерго» АҚ бас директоры Олег Перфилов брифингте Петропавлда жылыту маусымы кестеге сай басталатынын жеткізді. Яғни қалалық әкімдіктен өтініш түсісімен-ақ нысандар жылуға қосылады. Бірінші кезекте, қыркүйектің басында әдеттегідей әлеуметтік нысандарға, кейін айдың соңына қарай пәтерлерге жылу беріледі.

«Пәтерлер биыл қыста суық болады деп қорқудың, дүрлігудің қажеті жоқ. Жылытқыш құралдарын да сатып алмаңыздар. 2-жылу-электр орталығындағы жөндеу жұмыстары қаланы жылумен қамтуға әсерін тигізбейді», - дейді Олег Перфилов.

Суық түскенге дейін орталықтағы № 2, № 3 түтін мұржалары толық іске қосылмақ.

«Қазір 1-түтін мұржасы бұзылып жатыр, оны қыркүйек айында бұзып боламыз. Ал 2-түтін мұржасында ішкі жөндеу жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Үшінші мұржа тексерілді, олқылықтар анықталған жоқ, қазір жұмыс істеп тұр. Ал сыртқы жөндеу жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтаймыз», - дейді Олег Перфилов.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, қазіргі уақытта қазандықтар жөнделіп жатыр. Жоспар бойынша тамыз айының соңында 5 қазандық жұмысқа дайын болады, қыркүйек айының соңына дейін олардың қатарына тағы жетеуі қосылып, желтоқсан айына дейін барлық 11 қазандық жұмыс істемек.

Ал жаңа түтін мұржасының құрылысы қазан айында басталады деп жоспарланған. Биыл іргетасы қаланса, келесі жылдың сәуір айында жұмыс жалғасады. Алдын ала есеп бойынша оның биіктігі 180 метрге жетпек.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT