Петропавлда жылына 600 баланы сауықтыратын оңалту бөлімшесі ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда балаларға арналған алғашқы сауықтыру және медициналық оңалту бөлімшесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында ашылған жаңа бөлімше облыстық көпбейінді балалар ауруханасында орналасқан.

Мұнда қалпына келтіру емі және медициналық оңалту көмегі көрсетіледі. Тәулік бойы жұмыс істейтін стационар 28 балаға шақталған.

Ал бір жылда 600-ден астам сырқатқа көмек көрсетілмек.

Бұрын оңалту емі негізінен физиотерапиялық блоктың есебінен жүргізілді. Бірақ бұл жыл сайын өсіп келе жатқан қажеттілікті қанағаттандыра алмады.

Әрі технологияның қарқынды дамуы техникалық жаңартуды қажет етті.

«Облыстық көпбейінді балалар ауруханасына ең заманауи жабдықтардың 49-ын сатып алдық. Оның ішінде физиотерапевтік емшараларға арналған жабдықтар - ультракүлгін кварцты сәулелендіргіш, магнитті-лазерлі терапия аппараты, зияткерлік физиотерапевтік жүйе, магнитотерапияға, электротерапияға және УВЧ-терапияға арналған аппараттар бар. Жалпы бұл мақсатқа 80 млн астам теңге бөлінді», - дейді жобаны қаржыландырған «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Иргебаев.

Бөлімшенің алғашқы пациенттерінің бірі – Қызылжар ауданы Соколовка елді мекенінен келген бір жасар Алмас пен екі жасар Алан.

«Жаңа бөлімше - біздің өңірге үлкен сыйлық. Біздің балаларымыз бұрын қалпына келтіру емін алу үшін астанаға немесе басқа қалаларға баратын. Енді аурухана дәрігерлері бізге осы жерде көмектесе алады, ал ерекше қажеттіліктері бар балалар уақытылы және жүйелі түрде оңалтудан өтеді», - дейді балалардың анасы Татьяна Кожевникова.

Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту бөлімшесі неврологиялық, травматологиялық, ортопедиялық және кардиологиялық бейіндегі оңалту көмегін көрсетуді жоспарлап отыр.

Ем алу тегін, медициналық оңалту көмегі МӘМС қаражаты есебінен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт бойынша көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар