Петропавлда жылу магистраліне жаңа ғимараттарды қосу жеңілдеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда жылу магистраліне жаңа өндірістік ғимараттар мен тұрғын үйлерді қосу жеңілдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда орталықтандырылған жылыту желісіне жаңа ғимараттарды қосу жақында, үш негізгі жылу магистралін күрделі жөндеуден өткізгеннен кейін мүмкін болды. Бұл жайында «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас директоры Андрей Калиничев мәлімдеді.

Алайда, кәсіпорын басшысының айтуынша, қаланың Борки кенті мен Универсальная көшесінен Егемен Қазақстан көшесіне дейінгі аралықтағы учаске техникалық жағдайларға байланысты әлі де бұл мүмкіндікті пайдалана алмайды.

«Жаңадан салынып жатқан шағын аудандар: «Жас Өркен», «Береке -1», «Береке - 2», «Солнечный», «Орман», «Шығыс», «Ақ қайың», «Юбилейный» және қаланың өндірістік аумағында кәсіпкерлерге және де тұрғындарға «Петропавл жылу желілеріне» қосылуға техникалық рұқсат бірінші кезекте беріледі. Шаһардың дамуына біз де осылайша өз үлесімізді қосамыз. Өйткені әр жаңадан ашылған кәсіпорын жұмыс орындарын береді, инфрақұрылым дамып, өмір сүру сапасы жақсарады», - дейді Андрей Калиничев.

Кәсіпорын жылумен қамту жүйесін жаңалау жұмыстарын биыл да жалғастырмақшы. Жылу энергетиктерінің айтуынша, жылу желісін дамыту тікелей Петропавл қаласының перспективалық құрылыс жоспарымен тығыз байланысты. Жылу магистралін жаңалау жұмыстары инвестиция және кәсіпорынның жеке қаражаты есебінен және жаңадан қосылатын шағын аудандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту нәтижесінде жүргізіліп жатыр.

Мамандардың айтуынша, жылу магистралін жөндеуге заманауи энергия үнемдейтін технологиялар пайдаланылды. Полипропиленмен оралған құбырлар су мен жылудың шығынын азайтуға мүмкіндік береді және олардың қызмет мерзімі де артып отыр.

Жалпы, «Петропавл жылу желілері» ЖШС жыл басынан 73 кәсіпкерге, 106 тұрғынға және 13 бюджеттік ұйымға жылу магистраліне қосылуға рұқсат берген. Жалпы қуаты - 35,72 Гкал/сағ. Сондай-ақ кәсіпорын мамандары жылу желісіне қосылудың тегін жүзеге асырылатынын айтады.

Соңғы жаңалықтар