Петропавлда жылу-электр орталығында апат болып, бірнеше қазандық істен шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда демалыс күндері екінші жылу-электр орталығында бірнеше қазандық істен шығып, энергетиктер жылу беру қуатын азайтуға мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы жылу-электр орталығында 25 желтоқсан күні сағат 10.40 минут кеткенде екі қазандық істен шыққан.

Бүгін таңертеңгі жағдай бойынша, кәсіпорындағы 12 қазандықтың алтауы жұмыс істеп тұр.

Біреуі қалпына келтіріліп жатса, үшеуі жөнделуде, резервте тұрған тағы екі қазандықты сағат 14.00-де іске қосуға дайындап жатыр.

Облыс жылу және электр қуатынан ажыратылған жоқ.

Бұған дейін «Севказэнерго» АҚ Петропавлдағы екінші жылу-электр орталығында апат болғандығы жайында ескертіп, пәтерлерде жылудың азаюы мүмкін екендігін айтқан еді.

Қазандықтар ескіргендіктен қысымға шыдамай, тесілген. Апаттан кәсіпорынның бір жұмысшысы күйік алып, ауыр халде ауруханаға түсті.

«27 жастағы ер адамның денесінің 40 %-ы күйген. Беті, мойыны, қолдары, белі мен аяқтары ыстық буға күйіп қалған. Бізге түскен кезде оны травматолог, терапевт, анестезиолог-реаниматолог қарады. Бірден жансақтау бөлімшесіне жатқызу туралы шешім қабылданды. Қазір сырқат қарқынды терапиядан өтіп жатыр. Есін біледі, өздігінен демалуда. Жағдайы туралы айтуға рұқсат берді, тиісті ем-домды алып жатыр», - дейді Петропавл қалалық көп салалы аурухананың бас дәрігері Жанна Мауытова.

Петропавл 2-ЖЭО-да биылдыққа тіркелген бұл - осымен екінші апат.

Қараша айының басында кәсіпорынның бірнеше қазандығы істен шығып, 50 мыңға жуық тұрғын электр жарығынсыз қалған еді.


Соңғы жаңалықтар