Петропавлда жыл басынан бері жоғалған 83 бала аман-есен табылды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғындары із-түзсіз жоғалған балаларын іздеп табуға көмектесуді сұрап, биыл полицияға 83 рет жүгінген. Барлық жағдайда да жоғалғандар бір тәулік ішінде аман-есен табылып, ата-аналарына табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қазанға қараған түні Петропавл тұрғынынан 12 жастағы қызының жоғалғаны туралы өтініш түскен. Жасөспірімді табу үшін облыстық ПД және Петропавл қалалық ПБ жеке құрамы іздестіру жұмысына тартылды. Қыз телефонын сөндіріп, қоңырауға жауап бермеген.

Іздестіру келесі күннің түс мезгіліне дейін жалғасты. Полицейлер хабарсыз кеткен жасөспірімнің құрбысының үйіне қонып, таңертең кетіп қалғанын анықтады. Көп ұзамай жедел уәкілдер қызды бір досының үйінен тапты. Жұртты әбігерге салған қызбен және оның анасымен тәртіп сақшылары профилактикалық әңгіме жүргізді.

«Ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларының психологиялық жағдайына назар аударуға, өзара жайлы қарым-қатынас орнатуға шақырамыз. Тәуелкел тобындағы балаларды алдын ала анықтау үшін ұстаздармен, психологиялық-педагогикалық қызметкерлермен өзара іс-қимыл жасай отыра, осындай фактілердің алдын алуды күшейту жоспарланып отыр. 2022 жыл Қазақстанда Балалар жылы деп жарияланды – осы орайда еліміздің кішкентай тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғам болып күш біріктіру аса маңызды», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ақмағамбетов.

Жыл басынан бері облыс орталығының тұрғындары полицияға із-түзсіз жоғалған балаларын іздеп табуға көмектесуді сұрап, 83 рет жүгінген. Балалардың барлығы бір күннің ішінде табылды.


Соңғы жаңалықтар