Петропавлда жыл басынан 49 маскүнем мәжбүрлі емделуге жіберілді

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер биыл 49 адамды маскүнемдіктен емделуге мәжбүрлі түрде жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 57 жастағы тұрғыны спирттік ішімдікке тойып алып, отбасының шырқын бұзған. Жанжалқойдан шаршаған әйелі мен қызы полициядан көмек сұрап, арызданды. Бұл учаскелік инспекторларға маскүнемді мәжбүрлі түрде емдеуге жіберуге негіз болды.

Зордың күшімен медициналық комиссиядан өткен ер адам орталыққа жатпау үшін Петропавлдан кетіп қалған. Осылайша облыс аудандарының бірінде ұзақ уақыт бойы жасырынып жатқан. Үйіне оралған оған қайта комиссиядан өтуге тура келді. Медкомиссиядан жалтарғанымен учаскелік полиция инспекторы оны дәрігерлердің қарауына отбасыда жанжал шығарғаны үшін әкімшілік қамақты өтеген кездері апарып жүрген. Нәтижесінде ол сот шешімі бойынша мәжбүрлеп емдеудің наркологиялық орталығына жіберілді.

«Маскүнемдерді қоғамға басқаша қайтара алмайсыз, тек емдеу керек. Шаңырағында туғандарының мазасын алса, зорлық-зомбылық жасаса – бұл мәжбүрлеп емделуге жіберуге негіз бола алады. Бірақ жағдайды бұған жеткізбеген жөн. Мас жанжалқойлардың әрекеті ертелі-кеш тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне алып келеді, соңы ауыр қылмыспен аяқталуы мүмкін. Ащы суға тәуелді жандардың жақындары бұған тосқауыл бола алады. Маскүнемдердің түзелемін деген уәдесі бос сөз екенін түсінген жөн. Бұндай адамдарға мамандардың көмегі қажет», - дейді Петропавл қаласы ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садулов.

Жыл басынан Петропавл полицейлері 49 адамды маскүнемдіктен емделуге мәжбүрлеп жіберген.


Соңғы жаңалықтар