Петропавлда жыл басынан 30 пластикалық ота жасалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Беттің терісін тарту, мұрын мен құлақты кішірейту немесе ерін мен көкіректі үлкейту секілді пластикалық отаны енді Петропавл қаласында да жасатуға болады. Облыстық онкологиялық диспансерде жыл басынан бері осындай 30 ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәрігерлерлердің айтуынша, еліміздегі пластикалық отаның құны көрші Ресеймен салыстарғанда анағұрлым арзан. Ақылы емханалардағы хирургтер де өз жұмысына қымбат алады. Ал, мемлекеттік мекемелерде мұндай ота түрін арзан бағаға жасауға болады. Себебі, бағаны Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді.

Рашид Әлиев облыстық онкологиялық диспансердің торакалды хирургі. Медицина саласында еңбек етіп жүргеніне 11 жыл. Білікті маман  онкологиялық ауруға шалдыққан сырқаттарға ота жасайды. Солардың ішінде ең кең тарағаны - әйелдердің сүт безінің обыры. Сырқат ауруды асқындырып алса кеудесін алып тастауға тура келетіні баршаға мәлім. Алайда, қазіргі озық технологиялардың арқасында көкіректі қалпына келтіруге болады. Реконструктивті ота жасайтын Рашид Әлиев енді пластикалық ота жасауды да қолға алған.

«Пластикалық отаны жасатам деушілердің қатарында жасы егде тарқан әйелдер де бар. Әрине жасы ұлғайған сайын әйел адам өзінің сұлулығын сақтап қалғысы келеді. Біздің бөлімшеміз торакалды хирургия болғандықтан, әрине маммологиямен де айналысамыз. Жас қыз-келіншектер әдемі кеуде болғанын қалайды. Жарық дүниеге сәби әкеліп, баланы емізгесін, әйелдің кеудесі өзінің әдемі пішімін жоғалтады. Не болмаса сүт безінің обырына шалдыққандар келеді. Егер де сырқаттың кеудесін алып тастау қажет болса, ондай жағдайда біз жаңасын жасап бере аламыз. Ал, пластикалық отамен өлшемі өзгертілген кеудемен бала емізу денсаулыққа ешқандай зиян келтірмейді», - дейді облыстық онкологиялық диспансердің торакалды хирургі Рашид Әлиев.

Соңғы жылдары блефаропластика, яғни көздің жоғары қабағының пішінін өзгертуге сұраныс артқан. Мұны «еуропалық қабақ» синдромы деп те атайды. Батыстан келген тағы бір косметологиялық процедура - ерін үлкейту. Бұл - хирургиялық отаға жатпайды, бағасы да қолжетімді. Көптеген пластикалық отаның жарамдылық уақыты болады. Қабақты ашудың - 10-15 жылға, беттің әжімдерін азайтып, теріні тартудың 20-25 жылға дейін нәтижесі сақталады, дейді дәрігерлер.

«Әр отаның құны әртүрлі. Мысалы, блефоропластика бізде Қазақстан бойынша ең арзан болып есептеледі. Ол 130, 150 мың теңге шамасында тұрады. Кей кездері қыз-келіншектер екі түрлі отаны бірден жасатады. Бұл өте ыңғайлы» - дейді облыстық онкологиялық диспансердің торакалды хирургі Рашид Әлиев.

Автор: Ақерке Дәуренбекқызы

Соңғы жаңалықтар