Петропавлда жүргізуші куәлігі жоқ мас адам жүк көлігін айдап әкетпек болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда спирттік ішімдік ішкен ер адам жүк көлігін айдап әкетпек болған жерінен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы техникалық қызмет көрсету орталығында «DAF» жүк көлігінің жүргізушісі тіркемесінің доңғалағын жөндеп жатқанда кенеттен көлік орнынан қозғалған.

Машинаның кабинасында бейтаныстың отырғанын көрген кәсіпорын жүргізушісі мен күзетшісі оны тоқтатпақ болады.

Жүк көлігі жақын тұрған «Mazda» автомашинасына соғылып барып тоқтайды.

Оқиға орнына шақырылған полицейлер күдіктіні ұстады.

Петропавлдың 42 жастағы тұрғыны бұрын мүліктік қылмыстар жасағаны үшін сотталған. Ер адам мас болған.

Оның айтуынша, жүк көлігінің кабинасына жылыну үшін кірген. Одан арғы әрекеттерін түсіндіре алмады.

Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бабы бойынша тіркелді.

Бұдан басқа күдікті көлік рөліне жүргізу құқығынсыз отырғаны және мас күйде көлікті басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Оған міндетті түрде келу туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды.

СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климовтың айтуынша, бұл - биыл облыста көлік құралын заңсыз иемденудің екінші дерегі.

Былтыр осындай 85 факті тіркелген.


Соңғы жаңалықтар