Петропавлда Жұмысшы кентіне апаратын көпір кезекті рет жөндеуге жабылады

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда облыс орталығы мен Жұмысшы кентін қосатын автомобиль көпірі 10 мамырдан бастап қайта жөндеуге жабылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Жұмысшы кенті мен Петропавл орталығын байланыстыратын көпір орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 10 күнге жабылады. Бұл мақсатқа биыл жергілікті қазынадан қаражат жұмсалмайды.

Былтыр аталған көпірді жөндеуге 21 млн теңге бөлінген. Жұмысты атқаруға конкурс жарияланғанымен, оны орындауға ниет білдіргендер болмаған. Конкурс өтпегендіктен әкімдік жол жөндейтін серіктестікті өздері тауып, келісімге отырды.

«Орташа жөндеу жұмыстары кеш басталды. Барлық жұмыстар аяқталғанымен, асфальт жабындысы төселмей қалды. Оған ауа райы себеп. Күн суытып, қар жауғандықтан ол кейінге қалдырылды. Енді күн жылынғандықтан бұл жұмыс қайта қолға алынғалы жатыр», - дейді бөлімнің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Петропавл мен Жұмысшы кентін қосатын бұл көпірдің сапасына қатысты тұрғындар тарапынан шағым көп. Былтыр оны жөндеу барысында жұмысшылар картон пайдаланып, әлеуметтік желіде көпшіліктің сынына қалған еді.


Соңғы жаңалықтар