Петропавлда жұмыс тобы құрылып, мектептердің қауіпсіздігін тексеріп жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – 9-сынып оқушысы пышақ-балтамен 3 баланы жарақаттаған Петропавлдағы № 4 мектепте бүгін сабақ қашықтан өтсе, ертең штаттық режімде жұмысқа кіріспек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтың айтуынша, 13 ақпан күні Петропавлдағы № 4 мектепте болған оқыс оқиғаға қатысты жұмыс тобы құрылған.

Ол білім мекемелерінің қауіпсіздік құрылғыларымен қаншалықты қамтылғанын тексереді.

«Жұмыс тобы мектептерде талапқа сәйкес бейнекамералардың болуын, бұл құралдардың ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына немесе полиция бөлімшелерінің жедел бөлімдеріне қосылғандығын, мектептердің турникеттермен, дабыл түймешесімен жарақтандырылуын және мамандандырылған күзет қызметінің жұмыс істеуін тексереді. Тек осыдан кейін ғана нақты шаралар қолға алынады», - дейді басқарма басшысы.

Төтенше оқиға болғаннан кейін екі сағат өткесін мемлекеттік сатып алу сайтында № 4 мектептен бейнекамераларды жедел басқару орталығына қосу қызметіне қатысты лот пайда болған.

Бірақ бұл жайында облыстық білім басқармасының басшысы жауап бере алмады.

Оның айтуынша қазіргі уақытта комиссия жұмыс істеп жатыр. Нәтижесін айтуға әлі ерте.

«№4 мектепке биыл турникет алу және мамандандырылған күзет қызметімен келісімге отыру жоспарланған. Жалпы мектептер талап бойынша үш категорияға бөлінген. Бірінші санатқа 300-ге жуық оқушысы бар, екіншісіне 700-ге жуық және үшіншісіне одан жоғары оқушылары бар білім мекемелері қарайды. Олардың әрқайсысына қойылатын талап бар. Мәселен, бірінші санатқа жататын мектептерге кіріп-шығуды басқару жүйесін қоюдың қажеті жоқ. Ал жалпы облыста осындай турникет орнатылуы тиіс 50 мектеп бар. Оның 25-іне былтыр қойылса, биыл қалған мектептерді қамту жоспарланған. Мамандандырылған күзет қазір 23 мектепте бар. Талап бойынша тағы 27-де осындай күзет болуы тиіс. Бұл мәселе биыл шешіледі. Петропавл қаласы бойынша ғана мектептердің қауіпсіздік жүйесін арттыру үшін 100 млн теңге бөлінген», - дейді Нәзір Жәшібеков.

Облыс бойынша қазір шағын комплектілі мектептерді қоса есептегенде 465 білім ордасы бар.

Оның барлығы бейнекамерамен қамтылған, бұл, шамамен 12 мың бейнекамерадан астам.

Ал оқиға болған № 4 мектепте 1959 жылы туған әйел кіреберісте отырып, вахтердің қызметін атқарған. Күзетші түнгі уақытта ғана жұмыс істеген.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгін № 4 мектепте оқушылар қашықтан оқып жатыр, ертеңнен бастап дәстүрлі форматқа көшеді.

Бүгін Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев Үкімет отырысында Петропавлдағы оқыс оқиға болған мектеп туралы ақпарат берді.

Сондай-ақ Ішкі істер вице-министрі оқиғаның қалай болғанын айтып берді.


Соңғы жаңалықтар