Петропавлда жоғалған екі оқушы табылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласының тұрғыны 16 жастағы қызының бірнеше күн үйге қонбағанына мән бермей, полицияға жүгінбеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мектептің полиция инспекторы жасөспірім қыздың жоғалғанын 3 сәуір күні оның отбасына барған кезде анықтаған. Айта кетсек, осы күні Петропавлда карантин режимі жарияланған болатын. Бірден полицияның жеке құрамы жұмылдырылып, іздеу жұмыстары басталған. Кешке таман тәртіп сақшылары оқушыны құрбыларының бірінің үйінен тапты. Анасының айтуынша, 16 жастағы жасөспірім бұған дейін де үйінен бірнеше рет ескертусіз кетіп қалған екен. Сол себепті аса қатты алаңдамаған.

Ювеналды полицейлер әйелмен профилактикалық әңгіме жүргізді. Қызы төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін оған әкімшілік хаттама толтырылды.

Бұдан бөлек, полицейлер төтенше жағдайға қарамастан, үйінен серуендеуге шығып кетіп, бірнеше сағатқа жоғалған баланы да іздеп тапты. 2 сәуір күні полицияға 11 жасар баланың ата-анасы хабарласты. Баланың жоғалғаны туралы ақпарат криминалдық полиция бөлімінің, учаскелік полиция пунктінің қызметкерлері мен патрульдік экипаждарға жолданды. Бір сағат бойы тоқтаусыз жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жасөспірім серуендеп жүрген жерінен табылды.

«Жыл басынан облыста 10 жасөспірім жоғалды. Көбіне балалар жақындарының уайымдайтынын ұмытып, ойнап жүріп алады. Олардың барлығы табылды. Жоғалған адамдарды іздестіруде еріктілердің көмегін ерекше атап өтуге болады. Біздің қызметкерлер олардың жетекшілерімен үнемі байланыста. Балаларды іздестіру жұмыстарына еріктілер жиі тартылады», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Жалпы жыл басынан СҚО полицейлері із-түзсіз жоғалған адамдар туралы 38 арыз қабылдады. Олардың барлығы табылды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, спирттік ішімдіктерге әуес адамдар жиі жоғалады екен. Әдетте олар бөтелкелес таныстарының қасынан табылып жатады. Алайда, төтенше жағдайға байланысты шектеулер енгізілгелі және көңіл көтеру орындары жабылғалы адамдардың жоғалу фактілері тіркелмеген.


Соңғы жаңалықтар