Петропавлда жоғалған 11 жасар қыз аман-есен табылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 11 жасар қыздың хабарсыз кетуіне үйдегі жанжал себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен демалыс күндері Петропавлдың әлеуметтік желілерінде 11 жасар қыздың жоғалғаны жайлы хабарлама тарап кетті.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірім сенбі күні кешкі 21.00-ге дейін үйіне келмеген. Анасы бірден полицияға жүгінген. Іздеуге барлық қызмет жұмылдырылды. Ювеналдық және патрульдік полиция, жедел қызметкерлер мен учаскелік инспекторлар, сонымен қатар 100-ден аса волонтер қаланың бұрыш-бұрышын шарлады. Іздеу жұмыстары түнімен жүргізілді.

Келесі күні қызды және оның кәмелет жасына толған ағасын патрульдік полиция батальонының қызметкері мәдениет және демалыс паркінен тапты.

Жасөспірімнің жанжалға байланысты үйінен кетіп қалғаны белгілі болды. Телефонын өшіріп, құрбысының үйінде түнеп шыққан. 11 жасар қыз аман-есен үйіне қайтарылды, полицейлер онымен және ата-анасымен профилактикалық сипаттағы әңгіме жүргізді.

«Жасөспірімдер жақындарымен ұрсысып, кейде өздерін «ересек» ретінде көрсету үшін үйлерінен кетіп қалып жатады. Егер сіздің үйіңізде балаңыздың досы немесе танысы қонып қалса, міндетті түрде оның ата-анасымен хабарласуларыңызды сұраймыз. Көп жағдайда ата-ана қызы немесе ұлының қайда екендігін білмей, іздеу салып жатады. Кәмелетке толмаған баланың жоғалғаны - төтенше жағдай болып есептеледі. Іздеу жұмыстарына қызметкерлерден бөлек волонтерлер тартылады. Жасөспірімдер үйден хабарсыз кетудің салдарынан ата-анасының әкімшілік сипаттағы жазаға тартылатынын, оқиғаның кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға дейін жететінін ойламайды» , - дейді Петропавл қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушева.

Жыл басынан бері облыс орталығында полицейлер із-түзсіз жоғалған жасөспірімдер туралы 16 хабарлама алды. Балалардың бәрі бір тәулік ішінде табылды.

Соңғы жаңалықтар