Петропавлда жер учаскесін жалға алу құқығы аукционнан сатылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қалалық әкімдігі жер учаскесін жалға алу құқығын аукционнан сатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл - жер учаскесін жалға алу құқығын сатқан биылдыққа алғашқы аукцион. Жиырма лот қойылса, соның 14-і сатылған.

Ағылшын әдісімен өткен аукционға заңды тұлғалармен қатар жеке тұлғалар да қатысуға мүміндік алды. Барлығы 36 қатысушыдан өтініш түскен. Аукционның барысын облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бақылады.

«Кәсіпкерлер палатасына түсетін өтініштерді саралай келе жер қатынасына байланысты сұрақтардың аса маңызды екенін білдік. Аукцион өткізу арқылы мәселені оңтайлы шешуге болады. Жер учаскелері кәсіпкерлерге ашық түрде беріледі», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.

Аумағы әртүрлі 20 учаскені тек коммерциялық мақсатта ғана қолдануға болады. 5 жылға жалға берілетін бұл жерлер қаланың әр ауданында орналасқан.

«Аумағы 0,1 га жер учаскесі қаланың орталығында орналасқан. Бұл лоттың бастапқы бағасы 174,6 мың теңге болса, 3 млн теңгеге сатылды. Бұл - осындай бағаға сатылған ең қымбат лот болды. Қатысушылар жер учаскесін жалға алу құқығына ие болу үшін қызу тартысты», - дейді Жеңіс Қазиев.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, жер қатынастары бөлімі жер учаскелерін жалға алу құқығын 5 жылға сатты. 20 нысан саудаға шығарылса, соның 14-іне сұраныс болды. Олардың жалпы аумағы - 2,0739 га, бағасы - 8,5 млн теңге.

Соңғы жаңалықтар