Петропавлда жеңіл көлік адамдар тұрған аялдамаға соғылды: зардап шеккендер бар

Фото: Кадр из видео
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда түс уақытында жеңіл көлік автобус аялдамасына соғылып, бес адам жарақат алды. Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің біреуінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда болған жол апатының бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Куәгерлердің айтуынша, жеңіл көлік адамдар тұрған автобус аялдамасын соққан. Оқиға орнына бірнеше жедел жәрдем көлігі келіп, зардап шеккендерді емдеу мекемелеріне жеткізді.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы жедел жәрдем қызметіне шақырту сағат 13.39-да түскен. Мамандар үш минут ішінде апат орнына жетті.

«Екі адам жеңіл жарақат алды. Олар алғашқы медициналық көмектен бас тартты. Ал үш адам қалалық ауруханаларға жеткізілді.

Бірінші әйелдің миы соғылған, бас сүйегі сынған, жағдайы ауыр, көп бейінді облыстық ауруханаға жеткізілді.

Екінші әйел көп бейінді қалалық ауруханаға апарылды, оның жіліншігі сынған, жағдайы ортанша. Зардап шеккендердің үшіншісі ер адам, жабық бас-ми жарақатын алды», - делінген басқарманың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.


Соңғы жаңалықтар