Петропавлда жасөспірім бір күнде үш велосипед ұрлады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 17 жастағы жасөспірім бір күнде үш велосипед ұрлап, қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшыларына Петропавлдағы Залманов көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғыны «Десна» маркалы велосипедтің ұрланғаны туралы арызданған. Ол велосипедті ұлының туған күніне сыйға сатып алған екен. Сол күні бір сағат өтер-өтпестен Абай көшесінде тағы екі велосипедтің ұрланғаны туралы хабарлама келіп түседі.

Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, нәтижесінде велосипед ұрлады деген күдікпен Жұмысшы кентінің 17 жастағы тұрғынын ұстады. Жасөспірім бұған дейін де түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапқа тартылған болып шықты. Жауап алу барысында ол велосипедтерді қалай ұрлағанын рет-ретімен айтып берді.

«Десна» велосипедін мініп кетіп, Абай көшесіне шықтым. Жолай бір үйдің подъезінде қымбаттау велосипедті көрдім. «Деснаны» сол жерде қалдырып, екіншісіне міндім. Кейін Ружейников көшесінде үшінші велосипедті ұрлап, өтіп бара жатқан адамға 20 мың теңгеге сатып жібердім», - дейді күдікті.

Қазір аталған деректерге «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Айта кетейік, қалалық Полиция басқармасында велосипедтердің деректер базасы ашылған. Оған велосипедтердің нөмірлері, маркалары, түсі және иелерінің байланыс деректері енгізілген. Ақпарат ұдайы толықтырылып тұрады. Жыл басынан базаға 1212 велосипедке қатысты мәлімет енгізілді. Бұл мәліметтер полицейлерге ұрланғанды жылдам анықтауға, қылмысты ашуға көмектеседі. Базаға велосипед туралы мәлімет енгізу үшін бар болғаны қаланың кез-келген учаскелік пунктіне барып, арнайы сауалнаманы толтыру қажет.


Соңғы жаңалықтар