Петропавлда жарықтандыруға бөлінген қаржының 44 млн теңгесі қолды болған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда қаланы жарықтандыруға бөлінген қаржының 44 млн теңгесін жауапты мамандар қолды еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Экономикалық тергеу департаменті мамандарының мәліметінше, Петропавл қаласы Жамбыл көшесіндегі жарықтандыру жүйесін жаңартуға бөлінген қаржы ұрланған. Яғни, орындалуы тиіс жұмыстар толық көлемде атқарылмапты. Соның ішінде жеке үйлерді жерге тұйықтау және өндірістік қалқандар мен электронды есептегіштерді монтаждау жұмыстары да бар. Мемлекетке келген шығын мөлшері 44,2 млн теңге. Қылмыстық іс сәуір айында сотқа жіберілді.

Бұдан басқа облыстық экономикалық тергеу қызметі Петропавлдағы халықаралық әуежайды жөндеуге бөлінген қаржының да ұстағанның қолында кеткенін анықтаған. Нысанды жаңарту жұмыстарына республикалық қазынадан 1,1 млрд теңге бөлінген болатын.

Тергеу амалдары барысында мамандар әуежайда құжат бойынша болуы тиіс технологиялық қондырғылардың (көтергіш, бағдарламалық өнімдер, компьютерлендіру, т.б.) жоқтығына назар аударған.

«Лауазымды тұлғаларға қатысты процессуалды шешім қабылдау қажеттігіне орай қылмыстық іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, кейін сотқа жолданды. Кінәлі тұлғаларға қатысты үкім шығып, жаза кесілді», - дейді СҚО Экономикалық тергеу департаменті бастығы Нұрымжан Абатов.

Бүгінгі таңда мемлекетке келген шығын - 68 млн теңге толығымен қайтарылды.

Соңғы жаңалықтар