Петропавлда жарты тоннаға жуық есірткі жойылды

Фото: Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер есірткінің ірі партиясын – жарты тоннаға жуық марихуананы пешке жақты. Бұл –биылдыққа есірткі жоюдың бесінші акциясы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аса ірі мөлшердегі марихуана партиясын тәркілеген еді. «Петропавл - Астана» автожолында тәртіп сақшылары «Volkswagen Passat» автокөлігін тоқтатып, жүксалғыштан 128 кг марихуана табылды. Кейін тінту шаралары барысында ұсталғандардың бірінің гаражынан 300 кг марихуана мен 21 кг 300 гр гашиш жасырылған орын анықталды. Бұл соңғы 10 жылда облыс полицейлері тәркілеген ең ірі марихуана партиясы.


Бүгін ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, осы заңсыз айналымнан алынған 460 кг есірткі – марихуана мен гашиш жойылды. Тәртіп сақшылары мұндай рәсімді комиссия мен жұртшылық өкілдерінің қатысуымен жүргізеді. Акцияға жастар ресурстық орталығының еріктілері шақырылды.

«Еріктілер – полицейлердің сенімді көмекшілері. Биыл олар есірткіге қарсы бағыттағы отыз іс-шараға қатысты. Есірткіні жою рәсіміне қатысу ерітілер үшін полиция мен қоғамның өзара іс-қимыл тиімділігінің айқын дәлелі», - дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Бұл СҚО-да биылдыққа есірткіні жоюдың бесінші іс-шарасы. Жалпы тәртіп сақшылары жыл басынан заңсыз айналымнан 500 кг астам түрлі есірткіні тәркілеген.


Соңғы жаңалықтар