Петропавлда жаңа жыл қарсаңында жол апаты көбейді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жаңа жылдық мереке қарсаңында жол-көлік оқиғалары көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен тәулікте Петропавлда жол-көлік оқиғаларына қатысты 20 материал толтырылған. Мерекелік қарбаласта көлік жүргізушілері қырағылықты ұмытпай, екі есе мұқиятты болғаны жөн.

«Қазір қала көшелерінде кептеліс. Мереке қарсаңында жақындарына сыйлық, азық-түлік алу үшін облыс орталығына ауылдардан көп адамдар келеді. Жолда жүру ережесін қатаң сақтауға кеңес береміз. Қырағылықты күшейтіп, жолда барынша ұқыпты болыңыздар», - дейді СҚО ПД патрульді полиция батальонының командирі Қанат Әлімжанов.

Жаяу жүргіншілер де полицейлердің назарында.

«Асығып жүріп, жолды белгіленбеген жерден өтуге болмайды. Бастарыңызды қауіп-қатерге тікпеңіздер. Қауіпсіздік бірінші орында тұруы қажет. Қазір мерекелік қарбалас екенін түсінеміз, сыйлықтар, тәтті-дәмді алу керек. Арнайы жүргіншілер өткелінен өткенде де жан-жаққа қарап алып, қауіпсіз болғанда ғана өтуге болады. Қазір қыс, көктайғақ. Көлік жүргізушісі алдынан жаяу жүргінші атып шыққанда кенеттен тежей алмайды», - дейді тәртіп сақшысы.

Жолдардың дер кезінде тазаланып, тиісті жағдайда болуын да полицейлер үнемі қадағалап отырады. Желтоқсан айында өз міндеттерін дұрыс атқармаған коммуналдық қызметтерге 23 ұйғарым және 3 ақпараттық хат жіберілді.


Соңғы жаңалықтар