Петропавлда жаңа театр салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа театр бұрынғы ғимараттан екі есе үлкен болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, аталған бастама «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынып отыр. «Біздің басты жоспарымыздың бірі - Қазақ драма театрының жаңа ғимаратын салу. Облыстағы театрымыз ескі ғимаратта ашылған. Бұрын ол жерде энергетиктердің мәдениет үйі болды. Сахнасы да шағын. 200-ақ орны бар. Ол дұрыс емес деп есептейміз. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаламыздың жақсы бір жерінде үлкен Қазақ музыкалық драма театрын ашайын деп отырмыз. Құрылысы бір-екі айда басталып кетеді. Оны келесі жылы бітіреміз», - деді Қ.Ақсақалов Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімнің айтуынша, бүгінде облыстың мәдени ұжымдары ел ішінде ғана емес, шетелге де гастрольдік сапармен жиі шығып тұрады. Мәселен, былтыр олар Испания, Италия, Германия, Болгария, Араб Әмірліктері сияқты елдерге барып, қазақтың ұлттық мәдениетін көрсетіп қайтты.

«Биыл Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы, Қожаберген жыраудың 355 жылдығы, Ақан серінің 125 жылдығы, Сегіз серінің 200 жылдығы. Осындай мерейтойлар облыс деңгейінде ғана емес, республика дәрежесінде де тойланатын болады. Өткен жылы жас ақындардың мектебін аштық. Мектеп мүшелері аудан мен ауылды аралап, талантты балаларға дәріс беріп қайтты. Ол балалар бірнеше айтысқа қатысты. Жеңімпаз атанғандар аз емес. Енді, осы жылдың аяғына дейін барлық аудандарда осындай мектептерді ашатын боламыз», - деп атап көрсетті Қ.Ақсақалов. 

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласында дәрігерлер үшін бөлек тұрғын үй салып беруді көздейді. 

 

 

Соңғы жаңалықтар