Петропавлда жаңа студенттер жатақханасы салынады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Nur Otan» партиясы және облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, рейд барысында мониторингтік тобының мүшелері М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің төрт жатақханасын аралап, студенттермен кездесті.

«Жатақханаларға оқушылар белгіленген талап бойынша санитарлық нормаларға сай орналастырылады. Орын үшін төлемақы ҚР заңнамасына сәйкес және жатақхананы ұстауға кететін шығындарға орай белгіленеді. Жетімдерге орын тегін беріледі. Студенттер «электронды ректорат» арқылы тамыз айында үйлерінен шықпай жатақханаға тұруға өтініш бере алды. Бұл жүйе ең бастысы қағазбастылықтан құтқарады», - дейді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ бірінші проректоры Ербол Исақаев.

Жатақханаға орынды бөлуде жоғары оқу орны басшылығы мен студенттердің өзін-өзі басқару мүшелерінен құралған тұрғын үй-тұрмыстық комиссиясы жұмыс істейді. Бұл жерде барлық өтініш қаралып, кейін студенттермен келісімшарт жасалады.

Студенттерден алынатын ақы жатақхананың коммуналдық төлемін толық жаппайды. Оқу орны басшылығының мәліметінше былтыр жатақханаларға 23 млн теңге жұмсалса, соның тек жартысына жуығын ғана студенттер жапқан.

Университетте қазір 7 мыңнан аса студент білім алады. Оның 5 мыңнан астамы күндізгі бөлімде оқиды. Барлығын жатақханамен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сол себепті, қазан айында Театр көшесінде жаңа жатақхананың құрылысы басталмақ.

«Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жатақхананың құрылысын қаржыландыратын инвесторларымыз бар. 300 орынға шақталады. Оның құрылысын 2020 жылдың тамыз айына дейін аяқтаймыз деген үміттеміз. Жобаның құны шамамен 650 млн теңге», - дейді Ербол Исақаев.

360 орындық №3 жатақханаға былтыр күрделі жөндеу жүргізілген. Жылыту жүйесі ауыстырылып, жаңа жиһаз бен техника сатып алынды. Студенттер жатақханадағы тазалыққа толық өздері жауап береді. Әр қабатта кезекшілік тізімі бар.

«Жатақханалардың барлығы таза әрі жайлы. Байқағанымыздай студенттер өздері тазалықты сақтап, тәртіпті қадағалайды.Жуынатын бөлме, ас үй бар. Рейд барысында бұзушылықтар, студенттік жатақханаларда бөгде адамдардың заңсыз тұру фактілері анықталған жоқ», - дейді «QYZYLJAR – ADALDYQ ALANY» жобалық кеңсесінің төрағасы Екатерина Старостина.

Петропавл қаласында 6 жатақхана болса, тағы 14-і елді-мекендерде орналасқан. Олардың барлығында бұл жұмыстар жалғасын таппақ.


Соңғы жаңалықтар