Петропавлда жаңа инфекциялық аурухана салынып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавируспен күресті күшейту мақсатында бес оттегі стансасы және инфекциялық аурухана салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов құрылысы жүріп жатқан денсаулық сақтау саласы нысандарын аралап, жағдайды көрді.

«Біз індеттің екінші толқынына дайын болуымыз керек. Қазір өңірдегі ауруханалар әдеттегі режимде жұмыс істеп жатыр. Қажет болған жағдайда олар 24 сағаттың ішінде коронавирусты жұқтырған сырқаттарды емденуге бейімделеді.

Бұдан басқа төсек-орын қоры 2315-тен 3 400 орынға дейін ұлғайтылды. Бұл шілде айымен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Өкпені жасанды желдету аппараты 3 есе – 81-ден 228-ге дейін, оттегі концентраторы 20 есе – 18-ден 363-ке дейін және пульсоксиметр 9 есе – 132-ден 1 195-ке дейін көбейді. Таяуда 11 рентгендиагностикалық аппарат және 8 көшпелі медициналық кешен алынады», - дейді өңір басшысы.

Бүгінде Петропавлда бес оттегі стансасы салынып жатыр. Бұдан басқа 200 орынға шақталған инфекциялық аурухана салынып жатыр. Жаңа нысан өкпені жасанды желдету аппаратымен, компьютер томографиясы, оттегі концентраторымен қамтылады.

«Аурухана тиісті талаптарға сай салынады. Ең бастысы – ағынды желдету болуы қажет. Нәтижесінде палатадағы ауа дәлізге шықпайды. Клиника аймақтарға бөлінеді. Сырқаттар ем алатын аймақ, жұмыс аймағы және дәрігерлер дем алатын жер. Бұл медицина қызметкерлерінің ауруды жұқтыруына жол бермейді», - дейді Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы Петропавлдағы көпсалалы аурухананың құрылыс барысын да көрді. Нысанды түрік инвесторлары әлемдік стандартқа сай салып жатыр.

«Өңірде онкология мәселесі өткір тұр. Жаңа ауруханаға 1,5 млрд теңгенің желілік желдеткіші орнатылады. Бұл онкологияны емдеудің заманауи әдісі. Мұндай қондырғы қазір тек Нұр-Сұлтан мен Алматыда ғана бар. Сол себепті біз сырқаттарды Алматыға жіберуге мәжбүрміз.

Жалпы аурухана жаңа технология бойынша жабдықталады. Еуропалық клиникалардан еш кем болмайды. Ал тұрғындар сапалы медициналық қызметті МӘМС аясында тегін алады. Қазір өңір тұрғындарының 80 %, яғни 438 443 адам осы жүйеде сақтандырылған», - дейді Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар