Петропавлда жаңа есірткі түрі - мефедрон сатқандар ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың екі тұрғыны синтетикалық жаңа есірткі – мефедрон сатып-ұсталып, қылмыстық жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мефедрон – қауіпті синтетикалық есірткі препараттарының бірі. Петропавлда алғаш рет айналымнан алынды.

Петропавлдың 29 және 19 жастағы екі тұрғыны өткен жылдың жазында мефедрон есірткісін сатып, таратқаны үшін ұсталды. Жақында оларға сот үкімі шықты. Қылмыскерлердің біреуіне 12 жыл, екіншісіне 7 жыл жаза кесілді.

Жедел уәкілдер анықтағандай, облыс орталығының тұрғыны Омбыдан транзитпен Петропавл арқылы Көкшетау қаласына синтетикалық есірткіні жеткізуді ұйымдастырған. Аквафор құтыларының сүзгілеріне буып-түйілген тауар логистикалық қызмет арқылы жеткізіліп отырған. Жедел іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан барлығы 200 граммға жуық есірткі алынды. Бұл - аса ірі мөлшер болып есептеледі. Мефедронды интернет ресурстар арқылы сатып келген.

Есірткі заттарының бір бөлігі Петропавлдың жас тұрғынынан табылды, тергеу анықтағандай, ол дозаларға буып-түйіп, қалада түрлі жерлерге жасырып отырған. Есірткі курьерлері телеграмм-канал арқылы байланысқа шыққан.

ҚР Қылмыстық кодексінің «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бабы бойынша ұсталғанның екеуі де сотталды.

«29 жастағы жігіт барлық істің үйлестірушісі болып табылады, әлеуметтік желіде хабарлама жазысып, байланысқа шығып, сәлемдемені қайда, кімге және қашан жіберу керектігіне нұсқау беріп отырған. Сотта заттай дәлелдемелер ұсынылды», - дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Иван Терзиди.


Соңғы жаңалықтар