Петропавлда жаңа баспанаға сұраныс артты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда биыл 300-ден астам жеке тұрғын үй сырылып, оның орнына көп қабатты бюджеттік үйлермен қатар, коммерциялық баспаналар да салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша өткен жиында Петропавл әкімі Болат Жұмабеков коммерциялық баспаналарды салуға басымдық берілетінін айтты. Бұл – ескірген және апаттық жағдайда тұрған үйлерді бұзу бойынша арнайы қабылданған бағдарлама негізінде жүзеге аспақ.

Тек биылдың өзінде облыс орталығында коммерциялық – 14, бюджет есебінен 26 тұрғын үй салынып жатыр.

«Тұрғын үй қорын қайта жаңарту бағдарламасы аясында енді жеке сектордағы ескі үйлерді де бұзуға мүмкіндік бар. Бұрын негізінен апаттық жағдайда тұрған көп қабатты баспаналар ғана сырылатын. Бұл бізге құрылысты жандандырып, тек бюджеттік қана емес, коммерциялық негізде де тұрғын үй салуға мүмкіндік берді. Қазір 8 құрылыс компаниясы іске кірісуге дайын», - деді Болат Жұмабеков.

СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бүгінде мұндай үйлерге сұраныс жоғары.

«Бұрындары облыс орталығында небары бір-екі коммерциялық үй бой көтеретін. Қазір кей жаңа үйлерді іргетасы құйылып бітпей жатып сатып алады. Сұраныс жоғары. Құрылыс саласын әрі қарай дамыту қажет. Ал ол өз кезегінде құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың артуына сеп болады. Қазір облыста тәулігіне 150 мың кірпіш шығаратын кәсіпорын салынып жатыр. Құрылыс материалдарын қымбатқа шеттен тасымай, өзімізде шығаруымыз керек», - деді облыс әкімі.

Петропавл әкімі Болат Жұмабектің айтуынша, бес жыл бұрын 13 тұрғын үй ғана салынса, биыл құрылыс қаланың үш шағын ауданында 40 алаңда жүргізілді.

«Былтыр жеке секторда 200, биыл 320 үй сырылды. Жыл соңына дейін тағы 117 бұзылады. Тұрғындардың 92 % орнына пәтер алды. Ол жерлерде негізінен бюджеттік және коммерциялық баспаналар салынады», - деді қала әкімі.

Жалпы, биыл жыл соңына дейін 300 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, келер жылы оны 400 мыңға жеткізу межесі қойылған.


Соңғы жаңалықтар