Петропавлда зәулім, көпбейінді спорт сарайын салу жоспарланған

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жалпы аумағы 33 мың шаршы метр болатын зәулім спорт сарайы салынбақ. Құрылысқа қажет 8,3 га учаске дайын тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің мәліметінше, жаңа Спорт сарайы көпбейінді болады, ол 17 залдан және қосымша үй-жайлардан тұрмақ.

Негізгі бөлігінде 3124 көрермен сиятын үлкен әмбебап спорт залы болады. Бұл алаңда шағын футболдан, волейбол, баскетбол, гандболдан ауқымды жарыстарды өткізуге болады. Сондай-ақ оны концерттерге, түрлі іс-шараларға да қолдануға болады.

«Технологиялық жағынан нысан бірнеше автономды бөлікке бөлінеді. Бұл бір мезгілде бірнеше іс-шараны қатарынан ұйымдастыруға мүмкіндік бермек. Жоба іске қосылған жағдайда 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде жоба толық жасалды, қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр», - деді СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.

Жалпы СҚО-да соңғы 5 жылда 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, қолданысқа берілді. Биыл тағы төртеуі аудан орталықтарында салынып жатыр.

Бұдан басқа бюджет пен жеке қаражатқа қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында аудан орталықтарында 7 жабық хоккей корты салынды. Биыл тағы екеуінің құрылысы Айыртау, Тайынша аудандарында қолға алынды.

Ал UEFA ережелері мен стандарттарына сәйкес болу үшін Петропавлдағы «Қарасай» стадионын жаңғырту қажеттігі туындады. Бүгінде атқарылатын жұмыстың жобасы әзірленді, мердігер компания таңдап алынды.

Жоба бойынша футбол алаңы автоматты түрде суарылып, жылытылады. Сондай-ақ жаңадан жарық тартылып, электронды таблосы мен дыбыстық қондырғы ауыстырылмақ.


Соңғы жаңалықтар