Петропавлда заманауи зертхана негізінде жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда ауыл шаруашылығы саласын таңдаған студенттер енді еліміздегі соңғы үлгіде жабдықталған зертханада тәжірибеден өте алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен «AgroLab» ЖШС ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Топырақтың құрамын зерттейтін зертхана негізінде агротехнологиялық факультеттің «Агрономия» кафедрасының бөлімшесі ашылды.

«Біздің студенттер үшін бұл бірегей мүмкіндік. Агрохимия саласындағы заманауи технологиялармен танысып, соңғы үлгідегі қондырғыда агрохимиялық талдаулар жасап үйренеді. Студенттер бұл жерде оқытушыларымен бірге кей зертханалық-тәжірибелік жұмыстарды атқарады, магистранттар тағлымдамадан өтеді, диссертация тақырыбына қарай бірқатар эксперимент жасауларына болады», - дейді агротехнологиялық факультеттің деканы Алтын Шаяхметова.

Меморандум аясында нақты егіншілік элементтерін енгізу, топырақтың агрохимиялық талдауының қорытындысын пайдалану, бірыңғай ақпараттық ғылыми ортаны қалыптастыру, жаңа технологиялармен және тәжірибемен алмасу секілді жұмыстар атқарылмақ.

«Оқу орны өңірдің белгілі агробизнес өкілдерімен әріптестік орнатқан. Енді былтыр ғана ашылған «Agro Lab» ЖШС келісімге отырдық. Ол -Қазақстандағы алғашқы толықтай автоматтандырылған агрохимиялық зертхана.

Кәсіпорын топырақтың құрамын жаңа технология бойынша зерттейді. Алқаптағы элементтердің таралауы бойынша агрохимиялық картограмма әзірлеп, нәтижесіне қарай диқандарға тыңайтқыштарды дұрыс қолдану бойынша кеңес береді. Біздің студенттер бұл жерде тәжірибеден өтіп, білімдерін нығайтып, келешекте жұмысқа орналаса алады. Білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлауда таптырмас көмек», - дейді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы Ербол Исақаев.


Соңғы жаңалықтар