Петропавлда зағип жанның ақшасын тартып әкеткен жігіт ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында мүмкіндігі шектеулі жанның қолынан ақшасын тартып әкеткен жігітті тәртіп сақшылары ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшыларына Аққайың ауданының 42 жастағы тұрғыны арызданған. Оны белгісіз біреу Петропавлдағы мейманханалардың бірінің алдында тонап кеткен.

«Мейманханадан шыққан ауыл тұрғынының қолында 7 мың теңгесі болған. Оған бейтаныс адам келіп темекі сұраған, кейін қолындағы ақшасын тартып әкеткен. Жәбірленушінің көзі нашар көреді, мүгедек, сол себепті қылмыскердің түсін түстеп бере алмады», - дейді Бірінші полиция бөлімінің жедел уәкілдері.

Десе де, зағип жанға жасалған шабуыл бір сағатқа жетпей ашылды. Полицейлерге қонақ үйде орнатылған сыртқы бейнекамералардан алынған жазба көмектесті. Тез арада күдіктінің түр-әлпеті құрастырылды.

«Іздестіруге кіріскен сақшылардың жұмысы нәтижелі болды. Күдікті қолға түсті. Ол ұрлық жасағаны үшін бұрын сотталған Қызылжар ауданының 23 жастағы тұрғыны болып шықты», - дейді Петропавл қалалық Полиция басқармасы Бірінші полиция бөлімінің бастығы Балабек Жахин.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы «Тонау» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.


Соңғы жаңалықтар