Петропавлда волонтерлер 40 қылмыс пен 670 әкімшілік құқық бұзушылықты ашуға көмектесті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда волонтерлер полицейлерге 40 қылмысты пен 670 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық полиция басқармасы жанынан волонтерлер жасағы биыл қаңтар айында құрылды. Оның құрамына 62 адам бар. Олардың басым бөлігі – университетте және қала колледждерінде оқып жатқан болашақ заңгерлер. Сондай-ақ, жасақ құрамына жекеменшік күзет құрылымдарының қызметкерлері де кірген.


Еріктілер ішкі істер органдарына көмек көрсету арқылы жақсы тәжірибе алады. Олар көптеген бағыттар бойынша көмек көрсетеді: нашақорлықтың алдын алу, бейнебақылау камералары арқылы тәртіпті қадағалау, патрульдеуге қатысу, іс-қағаздарын жүргізу сияқты жұмыстар.

«Волонтерлер жұмыстарын адал атқарады. Әрқашан көмекке әзір. Көктемде, карантин енгізілген кезде қоғамдық көліктердің жүрмегеніне қарамастан, қыз-жігіттер күн сайын, екі ауысымда, ардагерлер мен жалғызбасты қарияларға қалалық емханалардан алатын дәрі-дәрмек рецептерін жеткізумен айналысты. Жұмыс барлық санитарлық нормаларды сақтай отыра жүргізілді, әрқайсысынан төзімділік пен сергектік, ең бастысы - мейірімділік талап етілді», - дейді волонтерлер жасағының командирі, отставкадағы милиция подполковнигі Петр Аксенов.


Жастар тамыз бойы карантиндік шаралардың сақталмауы әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін айта отыра, жадынамалар мен маскалар таратты.

Волонтерлер қоғамдық тәртіпті сақтауға да белсене араласқан. Олардың қатысуымен жыл басынан 580-нен астам қоғамдық тәртіпті бұзғандар қалалық полиция бөліміне жеткізілді.

«Волонтерлер 13 учаскелік полиция пункттеріне бекітілген. Әр учаске бейнетіркеу жүйесімен жабдықталған. Сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен еріктілер ұсақ бұзақылық, спирттік ішімдіктер ішу, қоғамдық орындарда темекі шегу, абаттандыру қағидаларын бұзу, белгіленбеген жерде иттерді серуендету сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтайды.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда ақпаратты учаскелік

полиция инспекторларына береді, инспекторлар болса, оқиға орнына шығып, профилактикалық әңгіме жүргізеді немесе хаттама толтырады», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Нәтижесінде Петропавлдағы волонтерлер жасағы полицейлерге 40 қылмыс пен 670 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауға көмектесті.


Соңғы жаңалықтар