Петропавлда ұрылар пәтерден 6 млн теңгені ұрлап кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда ұрылар жергілікті кәсіпкердің пәтеріне түсіп, қомақты сома – 6,5 млн теңгені қолды етті. Полицейлер осы қылмысқа күдіктілерді ұстап, ұрланған ақшаның бі бөлігі қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 31 наурыз күні Петропавл қаласының 1958 жылы туған тұрғыны пәтеріне ұры түскенін хабарлады. Белгісіз біреулер олардың үйде жоқтығын пайдаланыпты. Пәтерін келетін кілтпен ашқан ұрылар сейфті бұзып, кәсіпкердің тауар сатып алуға жинаған ақшасын ұрлап кеткен. Шығын 6,5 миллион теңгені құрады. Аталған факті «Ұрлық» бабы бойынша Сотқа дейін тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Қаскөйлер ешқандай із қалдырмаған. Соған қарамастан, СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы мен Петропавл қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері айғақтарды мұқият зерттеп, екі күдіктіні анықтады. Олардың бірі - бұрын бұзақылық жасағаны үшін сотталған 29 жастағы петропавлдық болса, екіншісі тонау үшін жазасын өтеген 42 жастағы Қызылжар ауданының тұрғыны екен. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ұрланған қаражаттың бір бөлігі қайтарылды.

«Қазіргі уақытта қылмыстың мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, іс бойынша қосымша айғақтар жиналып жатыр. Пәтер ұрлығының алдын алу үшін күзет агенттіктерімен келісім жасап, дабылқаққыштар орнатып, кіреберістерді бейнебақылау камераларымен жабдықтаған жөн. Сонымен қатар, пәтерлердің құлыптарын мұқият таңдау керек», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

СҚО-да жыл басынан 240 пәтер ұрлығы тіркелді. Бүгінге дейін оның 204-і ашылған.


Соңғы жаңалықтар