Петропавлда ұрылар көпқабатты үш үйді газсыз қалдырды
2022 жылғы 10 тамыз 21:19

Петропавлда ұрылар көпқабатты үш үйді газсыз қалдырды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көп қабатты үш үй подъезге кіре берістегі газ шүмектері бұрандаларының ұрлануына байланысты газсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы жергілікті пабликтердің бірінде көмек сұраған тұрғынның жазбасы тарады . Береке ықшам ауданы тұрғынының айтуынша, бүгін түнгі сағат 4.30 шамасында ол қатты газ иісінен оянып кеткен. Бірден пәтердегі газын тексеріп, жабық тұрғанына көз жеткізгеннен кейін үйдің ортақ чатына жазған.

Газдың иісінен қалған көршілер де оянған екен. Терезелерін жапқан олар, арнайы қызметтерге хабар берген. 112 нөміріне көрші үйлердің тұрғындары да хабарласқан екен.

«Бұған дейін де осындай газдың иісі шыққан еді. Ол жолы дала желді болып, иісті қатты сезбедік. Бүгін тіпті демалып болмайды. Үйде 6 айлық балам бар», - деп жазды Гастелло 44 үйінің тұрғыны.

Береке ықшам ауданында газдың ауаға тарауына ұрылар кінәлі болып шықты. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, Гастелло 50,52 көп қабатты үйлердегі подъезге кіре берістегі газ шүмектері бұрандаларын біреулер шешіп алып кеткен.

«Қазіргі уақытта Гастелло 48, 50, 52 мекен жайындағы үйлер апатты жағдайда газдан ажыратылды. Жоспар бойынша көгілдір отын тек ертең ғана, жаңа бұрандалар салынғаннан кейін беріледі. «Горгаз» ЖШС-гі ұрлыққа қатысты Петропавл қалалық полиция басқармасына арыз жазды», - дейді мамандар.


Фото: verelq.am


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT