Петропавлда ұлттық ойындар фестивалі мәреге жетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда ұлттық ойындар фестивалі өтті. 200-ден астам мектеп оқушысы асық ату, тоғызқұмалақ, бестас ойындарынан бақ сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақтың ұлттық ойындарын жаңғыртуды мақсат еткен фестиваль - дәстүрлі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар саны артып келеді. Биыл тек тоғызқұмалақ ойнауға 50 мектеп оқушысы тілек білдірген. Оның 30-ы ер балалар болса, қалғаны - қыздар.

«Дәстүрлі фестиваль оқушылар арасында танымал. Ұлттық ойындарға қазір сұраныс бар деп айтуға болады. Осы жолы асық атуға 20 ер бала қатысып жатыр. Сонша қыз бала бестас ойнаудан жарысады», - деді жарыс төрешісі Ақжан Сұрағанов.

Қазақтың ұлттық ойындарының ерекшелігі - жас талғамайды, жас та, кәрі де ойнай береді. Атап өтілгендей, соңғы кезде елімізде Ұлттық спорт ойындары федерациясының бастамасымен көптеген жарыстар өткізіліп келеді. Арайлым Құрметбек бестас ойынынан республика чемпионы.

«Бүгінгі қарсыластарым осал емес. Жалпы жарысқа күнделікті әзірленемін. Жазда кезекті республикалық турнирге дайындыққа кетемін. Бүгін бірінші орын алуға тырысып бағамын», - дейді Арайлым Құрметбек.

Жарыс жеңімпаздары өңір намысын республикалық турнирде қорғайтын болады.

Соңғы жаңалықтар