Петропавлда үлестік құрылысқа қатысқан 5 адам прокуратураға шағымданды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда үлестік құрылысқа қаржысын салған бес адам жұмыстың тоқтауына және нысандарды беру мерзімінің кейінге шегерілуіне қатысты прокуратураға арызданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда көп қабатты 24 тұрғын үй коммерциялық негізде салынып жатыр. Солардың кейбірі құрылысты жүргізу үшін жеке тұлғалардың қаражатын тартқан. Алайда кейін істі аяғына дейін жеткізбей, жұмысты тоқтатқан.

Үлестік құрылысқа қатысқан 5 адам прокуратураға шағымданды. Зардап шеккендердің барлығы – Петропавл тұрғындары.

Прокуратура өкілдерінің мәліметінше, азаматтардың құқығы бұзылғандығы туралы ақпарат түсісімен тиісті жұмыстар қолға алынды.

«Заңға сәйкес үлестік құрылыстың барысын жергілікті атқарушы орган бақылайды. Бірақ, жергілікті әкімдікте үлестік құрылыс бойынша бірде-бір келісім тіркелмеген. Осыған орай прокурорлық ықпал ету шаралары қолға алынды. Қазіргі уақытта уәкілетті органдар істің мән-жайын анықтап жатыр. Оның қорытындысы бойынша заңды бағасы беріледі. Үлестік құрылыс талаптарын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - дейді Петропавл қалалық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Азамат Қалиев.

Бұл жайында бір ай бұрын анықталған. Қазіргі уақытта нақты қай құрылыс компаниясының заң бұзушылыққа барғаны нақтыланып жатыр. Әзірге келтірілген шығын көлемі де белгісіз. Облыстың құрылыс басқармасы мен Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы барлық салынып жатқан 24 коммерциялық үйді тексеретін болады. Мамандар мониторинг жүргізу арқылы құрылыс ұйымдары мен тұрғындар арасында қандай шартпен келісім жасалғанын, жеке тұлғалардың қанша қаражаты тартылғанын анықтамақ.


Соңғы жаңалықтар