Петропавлда түрі бір-бірінен аумайтын алаяқтардың қылмысы әшкереленді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда түрі бір-бірінен аумайтын екі адам осы ұқсастығын қылмыс жасау үшін пайдаланған. Атап айтқанда оның бірі қала тұрғынына пәтерді сатып, оны 8 млн теңге шығынға ұшыратқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық соты 38 жастағы Б., 47 жастағы П. және 44 жастағы К-ге қатысты қылмыстық істі қарады. Олар алдын ала сөз байласу арқылы алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы).

Сотта анықталғанындай, 2019 жылдың көктемінде олар сөз байласып, сыбайластардың бірінің пәтерін заңсыз сатқан. Қылмыскерлердің бірі пәтерді сатып алушыны тауыпты. Үй иесінің өзі (екінші сыбайлас) пәтерінің меншік құқығын айқындайтын құжаттарын серігіне тапсырған. Түрі оған ұқсас үшінші сыбайлас өзін үйдің иесі ретінде көрсетіп, пәтерді сатып жібереді.

Алаяқтық жасағандар түскен қаражатты өзара бөліп алыпты. Сатып алушыға 8 миллион теңге көлемінде зиян келтірілген. Осыдан кейін, пәтердің иесі, яғни осы алаяқтыққа қатысушы пәтерді сату мен сатып алуды азаматтық тұрғыдан жарамсыз деп танып, оған деген құқығын қалпына келтіруді көздеген. Өйткені айтуынша ол өзі пәтерін «сатпаған».

Пәтер иесі өз кінәсін мойындамады. Сотта алаяқтық жасаған қалған екі қатысушыны танымайтынын мәлімдеген. Ол өзін былай ақтап алады: Б. оның пәтерінің кілтін ұрлап, кіріп, құжаттарды алып, мүлікті жәбірленушіге сатқан. Ол жәбірленуші өзінің пәтерін сатып алғанын айтқаннан кейін ғана пәтерді сату-сатып алуды жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгінген-мыс.

Қалған екі сотталушы - Б. мен К. өз кінәсін толық мойындады. Олар өздері мен үй иесінің арасындағы алаяқтық істеу үшін алдын-ала сөз байласқанын растаған.

Сот айыпталушылардың кінәсін толық дәлелденді деп санады. Сотталушылар Б. мен К-нің кінәларын мойындаумен қатар, куәгерлердің, нотариустың, риэлторлардың, жәбірленушінің, қолжазбалар мен қолтаңбалардың сот-медициналық сараптамасының қорытындысы олардың айыбын айғақтап берген.

Сот сотталушылардың үшеуін де кінәлі деп таныды. Үй иесі саналған сотталушы 3 жылға сотталса, оның сыбайластары 4 және 4 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар