Петропавлда тұрғындар пәтерді жөндеу кезінде тапанша тауып алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда тұрғындар сатып алған пәтерге жөндеу жүргізу барысында пакетке оралған газ тапаншаны тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, учаскелік полиция инспекторлары 1 қыркүйектен бері 1700 аса мекенжайды, оның ішінде сотты болғандарды, жанжалқойларды, тұрмысы төмен отбасыларды және басқа да есепте тұрғандарды тексеріп шықты.

Операцияның 20 күні ішінде тәртіп сақшылары сағат 23.00-ден кейін заңды өкілсіз үйден тыс жерде жүрген 110 жасөспірімді анықтады. Бала тәрбиесіне немқұрайлық танытқан 66 ата-ана жауапкершілікке тартылды.

Еңбекті заңсыз пайдалануға жол бермес үшін облыстың барлық полицейлері шаруа қожалықтарын, қыстақтарды және ағаш кесетін орындарды тексеріп жатыр. Облыста олардың саны 2800-ден асады, қазіргі уақытта 500-ден астамы тексерілді. Іс-шара басталғалы тұрақты мекен жайы жоқ 12 қаңғыбас қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Жұмыс барысында жалға алынған пәтерлер, қару иелері де тексеріледі.

Осындай тексерісте жүрген полиция қызметкерлері Петропавлдағы Бөкетов көшесіндегі көп қабатты үйден түскен шақыртуға барды. Жуырда пәтер сатып алған отбасы қол жуатынның астынан тапанша салынған пакет тауып алған. Тәртіп сақшылары ерікті түрде тапсыру актісін толтырды. Газды тапанша сараптамаға жіберілді.

«1 қыркүйектен бастап 1300-ден астам түрлі құқық бұзушылық анықталды. Жартысына жуығы алкогольге қарсы заңнаманы бұзумен байланысты. Бұл негізінен ішімдік ішу мен қоғамдық орындарда мас күйде жүру. Заңсыз сауда фактілері де кездеседі, мысалы, Қызылжар ауданында ауылдық дүкендердің бірінің иесі алкогольді тиісті лицензиясыз сатқаны үшін жауапкершілікке тартылды, 65 литр түрлі алкогольдік өнім тәркіленді. Сонымен қатар, облыста отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 126 заң бұзушылық, ұсақ бұзақылықтың 120 фактісі тіркелді. «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 желтоқсанға дейін жалғасады», - дейді СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.


Соңғы жаңалықтар