Петропавлда тұрғын үй өртеніп, екі адам көз жұмды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда екі пәтерлік жеке тұрғын үй өртеніп, екі адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өрт сөндірушілердің айтуынша, 7 шілде күні сағат 8.59 минут кеткенде 101 пультіне Петропавлдағы Фурманов көшесіндегі 73-үйдің жанып жатқандығы жөнінде хабарлама түсті.

«Өрт сөндірушілер санаулы минутта жетті. Олар келген кезде екі пәтерлі жеке үйдің бір пәтері жанып жатқан. Шамамен 10 минуттан кейін мамандар өрт орнынан екі адамның денесін тапты», - дейді Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әзімхан Мерғасымов.

Қаза тапқандардың біреуі 1944 жылы туған ер адам, екіншісі 1985 жылғы әйел.

«Көршілері үйде тағы 15 жастағы ер бала және 14 жастағы қыздың болуы мүмкіндігін айтты. Олар аман, өрт басталған кезде үйден өздігінен шыққан екен. Сондай-ақ көршілері сол күні таңғы сағат 6.00 кезінде үй иелерінің жанған төсек-орынды сөндіргенін айтты. Өрттің шығуына сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болуы мүмкін», - дейді Әзімхан Мерғасымов.

77 жастағы ер адам өздігінен қозғала алмайтын мүгедек болған, яғни ол төсекте отырып шылым шеге берген. Бұл жолы оның темекісінің шоғы төсекке түсуі мүмкін.

«Олар төсек-орынды сөндірдік деп үйдің кіреберісіне кіргізген. Өрт сол жерден шыққан. Қазір көршілеріне келтірілген және жалпы шығын мөлшері есептеліп жатыр. Екі пәтерлік үйдің екіншісін жөндеп, қалыпқа келтіруге болады. Бұл үй осымен екінші рет өртеніп отыр. 2015 жылы шатыры жанған еді, ол жолы өрт пештен шықты», - дейді басқарма бастығының міндетін атқарушы Әзімхан Мерғасымов.


Соңғы жаңалықтар