Петропавлда тұрғын үй құрылысына студенттер тартылмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда құрылысшы мамандар жетіспейді. Мәселені шешу үшін құрылыс ұйымдары жұмысқа студенттерді тартпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласынның әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, қазіргі уақытта облыс орталығында 1020 бос жұмыс орны бар. Соның басым бөлігі құрылыс саласына қатысты.

«Петропавлда бюджеттік 25 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жақын арада тағы 8 үйді салуды бастаймыз. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, біз осы салаға жұмысшыларды тартып жатырмыз.

Қазір жастарға жазғы демалыста жақсы табыс табуға мүмкіндік бар. Кезінде біздің көпшілігіміз студенттік, құрылыс отрядтарында және дала жасақтарында жұмыс істеп, тәжірибе жинап, ақша таптық. Енді жоғары оқу орнының және қала колледждерінің студенттерін, оның ішінде құрылыс мамандықтары бойынша оқитын студенттер отрядтарын құрылысқа жұмысқа шақырамын», - дейді қала әкімі.

Болат Жұмабеков құрылыс компанияларының өкілдерімен және қаланың құрылыс алаңдарына жұмысқа орналасуға ниет білдірген студенттермен кездесті.

«Петропавл қаласының құрылыс ұйымдары маусым мен тамыз аралығында жұмысқа 100 адамды қабылдауға дайын. Жаңа нысандардың құрылысы басталысымен қажеттілік артады. Жұмыс істегісі келген жастар Петропавл қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөліміне 8-7152-46-59-56 нөмірі бойынша және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 8-7152-40-05-89 нөмірі бойынша хабарласа алады», - дейді Болат Жұмабеков.

Бұған дейін Петропавлда биыл 40-қа жуық көп қабатты үйдің салынып, пайдалануға берілетінін айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар