Петропавлда түн тыныштығын бұзғандар жазаға тартылып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда полицейлер жалға пәтер алып, жұрттың мазасын алғандарға әкімшілік жаза қолданып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары жыл басынан 574 адамға айыппұл салған. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 473-бабы бойынша («Тыныштықты бұзу») жеке тұлғаларға 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, пәтерді тәулік бойына жалға беретіндер де көп жағдайда бұзушылықтарға жол береді. Олардың қызметін көңіл көтергісі келетіндер пайдаланып, көрші пәтер тұрғындарының мазасын алып жатқандарына мән бермейді.

Петропавлдағы Жамбыл Жабаев көшесіндегі жалға берілетін пәтерге шақыртумен келген полицейлер бірден 4 әкімшілік хаттама толтырды. Спирттік ішімдік ішкен топ түнде шу шығарып, бір үйдің тұрғындарының демалысына кедергі келтірген.

«Соңғы бес айда тұрғындардан түсетін шағымдар саны артып, 373-і тіркелді. Пәтер иелері беймезгіл уақытта басқалар мазасын алған жағдайда бірден полицейлерді шақырады. Сол себепті біздің қызметкерлер жалға берілетін пәтер иелерімен үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Жақында департамент басшылығы Пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен және жұртшылықпен кездесіп, пәтер бюролары мен қонақүй жетекшілеріне 23.00 мен 06.00 аралығында тыныштықты бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы түсіндірме-ұсынымдар жіберілді», - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Айдын Байматов.

Ал үстінен жиі шағым түсетін кәсіпкерлердің қызметі Петропавл қаласы әкімдігі жанындағы заңбұзушылықтардың алдын алу комиссиясының отырысында қаралмақ.

Соңғы жаңалықтар