Петропавлда тропикалық жеміс ағаштары мол өнім беріп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың ботаникалық бағындағы тропикалық ағаштар биыл мол өнім беріп жатыр. Кубалық лимонның біреуінің салмағы 1 келіге жетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы ботаникалық баққа лимонның екі түп ағашын бас агроном Равиль Рязапов сонау Кубадан әкелген екен. Ол озат оқушы ретінде 1960 жылы Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, делегация құрамында Кубаға жолы түседі.

Жылыны сүйетін өсімдікті сол кезде Кубаның ауыл шаруашылығы министрінің қызметін атқарған Рауль Кастро сыйлаған екен. Содан бері кубалық лимон алғаш рет мол жеміс беріп отыр.

«Біреуінің салмағы орта есеппен 800-900 грамм. Арасында 1 келі 200 грамм болатындары да бар. Үлкен болғанымен, біз көріп жүрген лимондарға ұқсайды. Дәмі де сондай қышқыл», - дейді Равиль Рязапов.

Оранжереяның бас агрономы биыл бананның да жеміс бергенін айтады. «Патшаның бананы» деп аталатын бұл сорт Вьетнамнан әкелінген. Жеті жылдың ішінде тропикалық ағаштың биіктігі 3 метрге дейін жетіпті.

«Жаңа жыл қарсаңында бананның жеміс беруі бізге тосын сый болды. Ағаштың гүлдеуін көптен күткен едік. Бұл біз сауда орындарынан көретін бананнан ерекше. Кішкентай және өте дәмді келеді», - дейді агроном.

Бүгінгі күні ботаникалық бақта 2 мыңға жуық сирек кездесетін өсімдік бар.

Соңғы жаңалықтар