Петропавлда тасыған Есіл суы саяжай учаскелеріне кіріп жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда арнасынан шыққан Есіл өзенінің суы 30-ға жуық саяжай учаскесін басты. Су деңгейі көтеріліп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Назымбек Елемесовтің айтуынша, Есіл өзені 16 сәуірден 17 сәуірге қараған түні арнасынан шыға бастады. Қазір «Челябі-Новосібір» халықаралық маңызы бар автомобиль жолы жабылған. Ол жерге бекет қойылды, техника жеткізіліп, полиция мен құтқару қызметі кезекшілік атқарып жатыр.

«Жолдың бойына арнайы ескерту белгілері қойылды. Қазіргі уақытта трассаны басқан судың ені 120 метр, тереңдігі 30-35 см шамасында. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз.

Петропавлда 5 мыңға жуық саяжай учаскесі бар. Қазір мониторинг жүргіземіз. Әзірге қала бойынша 20-30 саяжай учаскесін су басты. «Речпорт», «Учитель» саяжай қоғамдастығы, Мичурино елді мекенінде «Первенец» саяжай қоғамдастығы біздің бақылауымызда», - дейді Назымбек Елемесов.

Басқарма бастығының айтуынша, тұрғын үйлерге келер қауіп жоқ. Ал саяжай учаскелерінің кейбірі су астында қалады.

«Бұл жылдағы жағдай деуге болады. Қазіргі уақытта адамдар жыл бойы тұратын саяжай учаскелеріне су кірген жоқ.

Жалпы Петропавлда Есіл өзені тасуының шарықтау шегі 19-20 сәуірде болады деп болжанған», - дейді Назымбек Елемесов.

«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, Есіл өзені суының деңгейі Петропавл маңында бір тәулікте 16 см көтерілді. Осылайша 994 см жетті. Долматово елді мекені маңында мамандар бір тәулікте 27 см өзгергенін анықтады.

Өңірдегі қалған гидрологиялық бекеттерде су деңгейі түсіп келеді.


Соңғы жаңалықтар