Петропавлда тасқын су кіруі мүмкін 160-тан астам үй есепке алынды

None
Фото: Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қызыл су басуы мүмкін шағын аудандардан қар шығару жұмыстары басталды. Қала билігі тізімді Төтенше жағдай департаментінің ұсынысын негізге ала отырып жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл су басу қаупі жоғары көшелерден қар шығару жұмыстары 10 күнге ерте басталды. Ең алдымен Ойқала, «Береке», «Солнечный-2» және Жұмысшы кенті қардан тазартылмақ.

«Күнделікті қар шығаруға 110 арнайы техника жұмылдырылған. Соның ішінде 38 тиегіш машина бар. Полигонға күнде 11 мың текше метр қар жеткізіледі. 9 наурыздан бастап 300 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Тұрғындар да қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Техника келгенін көріп, күректерін алып шығады, аулаларын қардан тазартып жатыр», - дейді қар шығарумен айналысып жатқан ЖШС директорының орынбасары Анар Буханов.

Петропавлда 100 мың метр ашық суағар бар. Қазіргі уақытта олар қоқыстан, мұздан тазартылып жатыр. 6 бригада 20 арнайы техника жұмыс істеуде.

«Береке, Ойқала және Жұмысшы кенттерінде жұмыс істейміз. Биыл көктемнің ерте келуіне байланысты іске де жылдағыдан ерте кірістік. 20 ақпанда бригадаларымыз көшеге шықты. Содан бері демалыс жоқ. Келесі аптада жабық кәріздік жүйелерге бу және су жіберіп тазалауды бастаймыз», - дейді «Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар» МКК басшысы Павел Булаев.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда көктемде су басуы мүмкін 166 үй есепке алынған. Бұл баспаналарда мыңға жуық тұрғын тұрады.


Соңғы жаңалықтар