Петропавлда тәртіп сақшысына пара бермек болған ер адам сотталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда патрульдік полиция қызметкеріне 5 мың теңге пара бермек болған ер адам сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық соты лауазымды тұлғаға пара ұсынған К.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сот материалдарына жүгінсек, 4 ақпан күні Петропавл тұрғынын әкімшілік жауапкершілікке тартпауы үшін патрульдік полиция инспекторына 5 мың теңге пара беріп жатқан жерінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстады.

Прокурор сотталушыға айыппұл салып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруды сұрады. Қылмыстың бұл түріне пара сомасынан 20-30 есе мөлшерінде артық айыппұл салу немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ белгілі бір лауазымды қызметтерді атқаруға және белгілі бір кәсіппен айналысуға өмір бойына тыйым салынады.

К. тағылған айыппен келісіп, өз кінәсін толық мойындады және істеген ісіне өкініш білдірді. Кінәсін ауырлататын жағдайлар анықталмады.

Сот үкімімен оған пара сомасының 11,25 еселенген мөлшерінде, яғни 56 250 теңге айыппұл салынды. Сотталғанға өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынды.


Соңғы жаңалықтар