Петропавлда тәркіленген екі ғимарат денсаулық орталығы мен сурет галереясына айналады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда екі ғимарат соттың үкімімен тәркіленіп, коммуналдық меншікке өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет меншігіне өткен екі ғимарат та Петропавлдың орталық көшелерінде орналасқан. Оның біреуінде бұрын банк филиалы, кейін балалар орталығы орналасты. Ал екіншісі бұрынғы «Айналайын» дәмханасы. Бос тұрған екі ғимарат та соттың үкімімен тәркіленді.

«Сот үкім шығарғаннан кейін бұл ғимараттар бізге – мемлекеттік мүлік департаментіне өтеді. Біз тізімдеп, қабылдап, мүлікті тәуелсіз компанияға бағалатамыз. Кейін оны кімге беретінімізді шешеміз. Ең алымен мемлекеттік органдарға ұсынылады. Комиссия өтініштерді қарап, қажетіне қарай ғимаратты беруге шешім шығарады», - дейді СҚО Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Аман Төрегелдин.

М.Жұмабаев көшесіндегі ғимарат №3 қалалық емхананың коммуналдық меншігіне берілді. Аумағы шамамен 700 шаршы метр болатын ғимаратта енді жастардың денсаулық орталығы және амбулатория орналаспақ. Шамамен 10 мың адамға қызмет көрсетіледі. Мамандардың айтуынша, медициналық мекемеде учаскелік терапевт, емдеу және профилактикалық кабинеттер, клиникалық-диагностикалық зертхана жұмыс істейді. Жастар үшін қосымша тренажер залы мен уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік беретін орталықтар ашылмақ.

Екінші ғимарат Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасқан бұрынғы дәмхананың ғимараты. Оның ауданы 300 шаршы метрден артық. Ол СҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мұражай бірлестігіне берілді. Жоспар бойынша мұнда күрделі жөндеуден кейін заманауи сурет галереясы ашылмақ.


Соңғы жаңалықтар