Петропавлда танысының телефоны арқылы қарыз алған тұрғын ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда тұрғынының бұрынғы әріптесі ұялы телефоны арқылы оның атынан жұрттан қарыз алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны интернет-алаяқтан зардап шеккенін жақын адамдары алмаған қарызды сұрай бастағанда бірақ білген. Тексере келе біреудің әйелдің телефонын ұрын иемденіп, қосымшаларын пайдаланғаны анықталды.

Алаяқ WhatsApp мессенджері арқылы әйелдің атынан хабарламалар жазып, таныстарынан қарыз сұраған, кейін карточкасына түскен ақшаны шешіп отырған.

Полицейлер жәбірленушінің айналасындағыларды тексеріп, бұрынғы әріптесі, 26 жастағы петропавлдықтың қатыстылығын анықтады. Жігіт бірге жұмыс істеп жүрген кезінде жәбірленушінің паролін қарап, есіне сақтап алғанын мойындады. Кейін телефонын қоңырау шалуға сұрап алып, құпия ақпаратты пайдаланып, 270 мың теңгесін иеленген. Аталған факті «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Интернет-алаяқтардың көздегені - ұялы телефондар мен қосымшалардың парольдері сияқты құпия ақпараттар, әсіресе банк карталарының pin-кодтары және cvv-кодтары. Бұл ақпараттарды жан адамға айтпай, құпия сақтау қажет. Қазіргі кезде қаскөйлер құпия ақпараттарды қолға түсіру үшін алаяқтықтың түрлі айла-амалдарын меңгеріп алған. Сол себепті жеңіл парольдерді пайдаланбауға және басқа қосымшаларға оларды қайта қолданбауға кеңес береміз. Егер мессенджер немесе әлеуметтік желілер арқылы таныстарыңыз қарыз сұраса, уақыт тауып, ол адаммен хабарласып, хабарлама жібергеніне көз жеткізіңіз. Қазір әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттардан мұндай өтініштердің түсуі жиілеп кетті. Алаяқтар бөтен адамдардың суреттері мен жеке мәліметтерін қолданып аккаунттар ашады. Сондықтан жақындарыңызбен интернет арқылы хабарламалармен ғана шектеліп қоймай, жеке тілдескен абзал», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бірінші бөлім бастығы Тілеген Әлжанов.

Соңғы жаңалықтар