Петропавлда соңғы күндері шамадан тыс жауған қарды шығаруға 75 техника тартылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда соңғы аптада мөлшерден артық қар жауып, коммуналдық қызметтерді әбігерге салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласында соңғы күндері ақтүтек боран тұрып, толассыз қар жауды. Жолдарды қардан тазарту үшін коммуналдық кәсіпорындар кешкі сағат 20.00-ден таң атқанша жұмыс істейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қала жолдарын механикалық тазалаумен, қарды жинап, сыртқа шығарумен 10 кәсіпорын айналысады. Облыс орталығының аумағы коммуналдық қызметтерге ыңғайлы болу үшін 9 бөлікке бөлінген. Көшелерді жөнге келтіруге қазір күнделікті 75 арнайы техника жұмылдырылады.

«Қар көп. Тек кеше 10 мың текше метрге жуық қар қала сыртына шығарылды. Бұдан басқа көктайғаққа қарсы жұмыстар жүргізіледі. Осы маусымға қала көшелеріне себу үшін 2550 текше метр құм-тұз қоспасы әзірленген болатын», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Мамандардың айтуынша, бір тәулікте жаяу жүргіншілер жолына, аялдамалар маңы мен жолдарға орташа алғанда 70 текше метрден аса құм-тұз қоспасы шашылады екен.

Жалпы, қыс түскелі 205 мың текше метр қар қала сыртына шығарылды. Петропавлда қар үйетін төрт арнайы орын әзірленген.





Соңғы жаңалықтар