Петропавлда сөмкесіне есірткі салып жүрген әйел қоғамдық жұмысқа жегілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қарасораны өз пайдалануы үшін сөмкесіне салып жүрген әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 35 жастағы тұрғыны тамыз айының басында жабайы өскен қарасораны көріп, оны үйіне әкеліп кептірген. Әйел есірткіні өзі шекпек болу үшін дайындаған екен.

Бір аптадан кейін оны полиция қызметкерлері теміржол вокзалында темекі шегіп тұрған жерінен ұстайды. Қоғамдық орында шылым тартқаны үшін әкімшілік хаттама толтырады. Тексеру кезінде әйелдің сөмкесінен аз мөлшерде марихуана салынған пакет табылады.

Сотта әйелдің кінәсі толық дәлелденді, ол да өзінің кінәлі екенін мойындап, өкініш білдірді. Осыны ескерген судья оған 80 сағаттық қоғамдық жұмыс түрінде жаза тағайындады.

«80 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жазаны сотталушы оқудан бос уақытында немесе негізгі жұмысынан босатылып, күніне 4 сағаттан ғана атқарады. Қазіргі уақытта ол қаланы тазалау жұмыстарына тартылған», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Данияр Харипов.

Бүгінгі таңда пробациялық қызмет есебінде СҚО бойынша 18 сотталған қоғамдық жұмыстарға тартылған.


Соңғы жаңалықтар