Петропавлда соғыс жылдары әйелдер паровоз жүргізіп, майданға жүк тасыды
2022 жылғы 11 мамыр 01:01

Петропавлда соғыс жылдары әйелдер паровоз жүргізіп, майданға жүк тасыды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы теміржол депосы музейінде соғыс жылдары паровоз жүргізіп, майданға жүк тасыған қыз-келіншектердің естеліктері сақталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлы Отан соғысы жылдары майданға аттанбаса да, қыз-келіншектер жеңісті жақындатуға барынша үлес қосты.

Солардың арасында паровозды басқарған әйелдердің еңбегі өлшеусіз.

Петропавл локомотив депосы музейінің экскурсия жүргізушісі Любовь Горшкованың айтуынша, әйелдер теміржолда машинист, пеш жағушы, машинист көмекшісі болып ауыр жұмысты атқарды.

«30 жылдары өте қиын және қарама-қайшылыққа толы кезең болды, сол жылдары көптеген зауыт-фабрика ғана бой көтеріп қоймай, үлкен шаһарлар салынды. Бірақ тұрмыс қиын еді, аштық, тауар қат және қымбатшылық, оған қоса домалақ арыздар көбейіп, қудалау басталды. Халық мойымады, алға ұмтылды, түрлі жарыстар ұйымдастырды. Соның ішінде стахановшылар да бар. Жұмысқа деген құлшыныс артты. Әйелдерді, қыз-келіншектерді ауыр өнеркәсіпке және теміржол көлігіне тарту Кеңес Одағында бұл бұрын соңды болмаған жағдай, феномен деп те айтуға болады. Мұның өз есебі де болды. Теміржолдағы еңбекақы анағұрлым жоғары еді, бұл да әйелдердің қызығушылығын тудырды», - дейді Любовь Горшкова.

Паровоз машинисі болған алғашқы әйел, мәскеулік Зинаида Троицкая 1936 жылы «әйелдер, паровозға мініңдер» деп ұрандатты.

Мұны петропавлдық қыз-келіншектер қолдады. Петропавлдағы сол кездегі № 32 училищеде және Омбыда «машинист», «машинист көмекшісі» мамандарын даярлаған.

Айта кететін жайт, Троицкаяның ұранына дейін Петропавлда машинистерді оқытатын әйел нұсқаушы Надежда Борисова жұмыс істеген екен.

«Соғыс басталысымен теміржолдағы жүк тасымалы үш есе артты. Өйткені ірі кәсіпорындар, колхоз-совхоздар, тұрғындар шығысқа қарай эвакуацияланды. Тез арада кадр мәселесін шешу керек болды. Осылайша депода 500-ден астам адам, соның ішінде108 әйел оқып шықты. Қазір біздің музейде машинист көмекшілерін әзірлейтін курстың алғашқы түлектерінің фотосуреттері сақталған. Біздің машинист әйелдер эстафеталық пойыз жүргізді, яғни пойыздарды майданға дейін апарды. Олар Екатерина Коробко, Надежда Карпейчик, Анна Скурихина және тағы басқалары, машинист қыздар бір бригада еді. Бертін келе бұл әйелдердің көпшілігі өз естеліктерін бөлісті, олар біздің музейде сақталған. Олардың жазғандарын толқымай оқу мүмкін емес. Өйткені, қыздарымыз ерлік жасады. Қолдарына мылтық алып соғысқа қатыспаса да, оларға ешкім қару кезенбесе де – батыр. Олар жастық шақтың қызығын көрудің орнына үстеріне май сіңген ауыр, ыңғайсыз киімді киіп, ауыр жұмысты атқарды», - дейді музей қызметкері.

Надежда Карпейчик алдымен паровоздың отын жақты, бір сапарда олар пешке 20 мың тоннаға дейін көмірді қолмен лақтыратын.

Кейін Надежда машинистің көмекшісі болып жұмыс істеді. Бұл жайында ол өз естелігінде бөлісті.

«Екатерина Коробко «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды. Соғыстың басында оны аға машинист етіп бекітті. Ол әйелдер бригадасын құрып, әскери эшелондарды, эстафеталық пойыздарды жүргізді. Естеліктерінің бірінде көмір артылған ауыр пойызды Мәскеуге дейін тоқтамастан апарғанын жазады. Олар алты адам болған, бәрі – әйелдер. Пойыз бригадирі, бойжеткен – Дуся Тюрина. 1942 жылдың ақпаны, бірақ күн жылынып кетіп, Оралдан өте бергенде жаңбыр жауады. Пойыз рельсте тайғанақтап, тоқтап қалу қаупі туады. Сонда Дуся мен пеш жағушыы қыздарды бірі пойыздың алдында жүгіріп отырып, рельске құм шашумен болады. Осылайша, аяқ-қолдарын жаралап, пойызды тоқтатпай қауіпті учаскеден алып өтеді. Көмір тиелген пойыз Мәскеуге уақытында жетті», - дейді Любовь Горшкова.

Бұған дейін Петропавлда «Североказахстанец» деп аталған бронды пойыздың жасалғанын айтқан едік.

Теміржолшылар оны 1942 жылы майданға аттандырған еді.


Jańalyqtar

MURAǴAT