Петропавлда шағын ауданда өрт шығып, екі жеке тұрғын үй жанып кетті

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы Копай шағын ауданында өрт шығып, екі жеке тұрғын үй жанып кетті, зардап шеккендер, қаза тапқандар жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы Копай шағын ауданында өрт шыққандығы жөнінде хабар «101» қызметіне сағат 18.00 шамасында түскен. Қурап тұрған қамыс бірден лап етіп, жақын маңдағы үйлерге қауіп төнген. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметінің 12 техникасы және жеке құрамның 31 қызметкері жұмылдырылды.

Тар көше және үйлердің тығыз орналасуы мамандардың жұмысын қиындатты. Соған қарамастан өрт сөндірушілер жіті қимылдап, отқа оранған үйлерден 3 газ баллонын шығарды. Сағат 19.00 шамасында өрт ауыздықталса, жарты сағаттан кейін толық сөндірілді.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Мамандар төрт үйді қызыл жалыннан аман алып қалғанымен, екеуі жанып кетті. Үш қора-қопсы өртенді, тағы бір тұрғын үйдің шатыры зақымданды. 500 шаршы метр қамыс жанды. Өрттің неден шыққаны белгісіз.

Бірер күн бұрын М.Жұмабаев ауданы Булаев қаласында да 5 га қамыс өртеніп, салдарынан жалын «АGRIMER» ЖШС элеваторының аумағына кірген еді. Шаруашылықтың 3,6 мың шаршы метрді алып жатқан бос тұрған қоймасы жанып кетті. Мамандар өртті шамамен 5 сағат сөндірді. Зардап шеккендер, қаза тапқандар жоқ. Қамыстың неден өртенгені әзірге анықталған жоқ.




Соңғы жаңалықтар