Петропавлда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
2019 жылғы 1 маусым 05:41

Петропавлда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған монументке гүл шоқтары қойылып, митинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, рухтарына тағзым етуге олардың ұрпақтары, қаланың зиялы қауымы, оқуышылар мен студенттер келді. Салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішевтің айтуынша, Қазақстанда 135 мың адам қудалауға ұшырап, соның 25 мыңнан астамы атылған.

«Солтүстік Қазақстанда 1930-50-ші жылдар аралығында 7 мың 600 адам репрессияға ұшырады. «Халық жауы» атанған 1 465 солтүстікқазақстандық ату жазасына кесілді. Олардың ішінде Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Сырғабеков, Қайсар Тәшкитов, Жұмағали Тілеулин және тағы басқалары бар. Тек қазақтар ғана емес, басқа ұлттар да зардап шекті. 1,5 млн-нан астам адам Қазақстанға жер аударылды», - деді Руслан Әлішев.

Петропавлда 2012 жылы кезінде НКВД түрмесі орналасқан жерде ескерткіш ашылды. Монументке 1628 адамның есімі жазылған. Негізгі тізім Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивінен алынған. Ескерткіш «Память» қоғамдық қорының төрағасы Болат Сағындықовтың бастамасымен бой көтерді.

«Ескерткішті ашуды азаматтық борышымыз деп есептедік. Қоғамдық қордың құрылғанына 16 жыл. Сол 16 жыл бойы саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін анықтап, халық жадында қалдыру үшін жұмыс істедік. «Еске алу тақтасына» қудалауға ұшыраған біздің әке-шешеміздің есімдері жазылды. Қазір осы мемориал жанынан музей салу мәселесі қарастырылып жатыр», - дейді Болат Сағындықов.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT